ЕТІСТІК

Асанова Шара Сапарбекқызы

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Шилібастау орта мектебі

Жамбыл ауданы

Алматы облысы.

Етістіктен өткенді қайталау

Сабақтың тақырыбы: Етістіктен өткенді қайталау
Сабақтың мақсаты: 1. Оқушылардың қазақ халқының қолөнерінің ішінде киіз үй
және киіз үй ішін жабдықтайтын бұйымдары туралы білімдерін тереңдету, сөздік қорын байыту. Етістік туралы алған білімдерін тиянақтау, теориялық білімдерін практикамен ұштастыру.
2. Оқушылардың зерттеушілік пен шығармашылық қабілеттерін ұштастыру, жинақтау, жинақтау, асыл сөз айшықтары арқылы ойлау қабілетін, тіл байлығын молайту.
3. Оқушыларды халқымыздың тілін, салт - дәстүрін білуге, қадірлеуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Дәстүрлі емес сабақ
Сабақтың типі: Қайталау сабағы
Сабақтың әдіс - тәсілдері: сұрақ - жауап, ойын элементтерін қолдану, ой-толғау, тест сұрақтарына жауап беру, жеке оқушылармен жұмыс жүргізу.
Сабақтың көрнекілігі: компьютерлік слайдтар, электронды оқулық, суреттер мен кеспе қағаздар салынған қалташалар, киіз үйдің макеті, суреті т. б.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі:
А) Оқушылармен амандасу;
Ә) Оқу - құралдарын түгелдеу;
Б) Оқушылардың зейінін сабаққа аудару;

ІІ. Кіріспе:
Отырықшы халықтар өмірінде жер шаруашылығы үлкен рөл атқарса, көшпелі халықтарда мал шаруашылығы маңызды болды. Қазақ көшпенділерінің салт - дәстүрі, діни - наным сенімі, тұрмысы көшпенділік өмірмен тікелей байланысып жатты. Көшіп - қону мал өсірушілерге маусымдық жақсы жайылымдарды пайдаланып отыруға мүмкіндік берді. Көшіп - қону көбінесе меридиан (оңтүстіктен солтүстікке) бағытымен жүрді. Ірі рулар мен олардың бөлімшелерінің қоныстары негізінен бір территорияда болды. Әрбір рудың өзінің көш жолдары болды. Қазақтың мал шаруашылығының өріс, қоныстары жылдың төрт маусымына қарай қыстау, көктеу, жайлау және күзеу деп төртке бөлінді. Жаздық жайылым қазақтардың ортақ пайдалануында болып келсе, көктеу мен күзеу бір орында болды. Қыстауда малшылар құйма кесектен қаланған үйлерде қыстады, жылдың басқа мезгілдерінде киіз үйлерде тұрды. Киіз үй көшпелілер үшін табиғаттай сұлу, кеңістікте үйлесімді шағын үй еді.
Киіз үйді бір күнде, бір ғана адамның даналығы дүниеге әкелген жоқ. Ол көшпелі өмір салтымен бірге туып, біте қайнасты.
Көшпенділер өздерін табиғаттың бір бөлшегіміз деп есептейді. Олар үшін аспан әлемі көк күмбез - барша тірліктің баспанасы. Ал, киіз үй болса, әркімнің шағын әлемі, әркімнің «көк күмбезі».«Табиғатпен тамырлас көшпелілер үшін киіз үйлерде тұру астамшылық емес, қажеттілік болған»
Қазақтың киіз үйі - әр қазақ үшін тәуелсіздігі мен бостандығының, байлығы мен барлығының, рухани кісілігі мен қоғам алдындағы міндеттілігінің символы. Көшпенділерге көшіп қонуға ыңғайлы етіп 4, 5, 6, 7, 8, 10 қанатты және сән - салтанат құру мақсатында 12, 14, 16 қанатты етіп жабдықталатын болған.
Қызығушылығын ояту:
Киіз үйдің жабдықтарынан нені білеміз?
- Біз бүгінгі сабағымызда осы киіз үйдің құрылысымен таныса отырып, берілген тапсырмалар арқылы етістік тақырыбынан алған білімімізді еске түсіреміз.
ІІІ. Үй тапсырмасын тексеру:
281 - жаттығу: Мысалдардан тек қана тұйық етістікті сөзді көшіріңдер.
ІҮ. Үй тапсырмасын бекіту: “Етістік” тарауынан алған білімдеріңді тірек - сызба жасау арқылы түсіндіріңдер.
Ү. Үй тапсырмасын қорытындылау: Етістіктен өткенді қайталау үшін берілген тест сұрақтарына жауап беру.
Қайталауға арналған тест сұрақтары

1. Туынды етістікті табыңдар:
А) сұра
Ә) бөл
Б) ойла
В) қал
2. Ортақ етісті табыңдар:
А) тарс
Ә) жумас
Б) жуыс
В) дос
3. Ырықсыз етісті табыңдар:
А) Айтқыз
Ә) жуынды
Б) орылды
В) жәбірледі
4. Сабақты етістікті атаңдар:
А) әкел
Ә) көмектес
Б) қалма
В) жатыр
5. Омоним болатын етістік:
А) кел
Ә) бол
Б) бақ
В) отыр
6. Туынды етістікті табыңдар:
А) ойын
Ә) ойна
Б) ойлы
В) ой - қыр
7. Өздік етістікті табыңдар:
А) көрінді
Ә) көзгіз
Б) көрсетіңіз
В) көрісті
8. Ортақ етісті табыңдар:
А) сыйлас
Ә) құрдас
Б) бармас
В) достас
9. - дыр, - дір,- тыр,- тыр, - тір – қандай етістің жұрнағы?
А) Өздік етіс
Ә) Өзгелік етіс
Б) Ырықсыз етіс
В) Ортақ етіс
10. Субьектісі белгісіз әрекет қалай аталады?
А) Өздік етіс
Ә) Өзгелік етіс
Б) Ырықсыз етіс
В) Ортақ етіс

«Ақыл — тозбайтын тон, Білім - таусылмайтын кен» - дей отырып қазақ тілі пәніне арналған электронды оқулықпен жұмыс жасаймыз. (19, 27 тапсырмалар)
ҮІ. Дәптермен жұмыс:
Төменде берілген күрделі етістіктердің қандай тұлғадағы сөздерден құралып тұрғанын анықта.
Келе жатыр екен. Оқығалы келіпті. Оқып отыр. Жығылып қала жаздады. Баратын шығар. Келе алмай жүр ғой. Орналасса игі еді. Сұрағысы келіп жүрген көрінеді. Оқығым келеді. Сөйлесіп отырғандай боласың. Бөліп қарауға болмайды. Оқи алмайтын тәрізді.
Үлгі: оқып отыр - күрделі етістік (оқып - негізгі етістік, отыр - көмекші етістік
Дара етістіктерден күрделі етістіктер жаса:
Еріді, жылады, күресті, оқыды, келді, жаттықты, жүгірді, айналдырды, бар, дайындал, қатыс, кел, шомыл, түс, ал, жарат, шық, тұр, қара.
1. Күрделі етістіктерді қатыстырып сөйлем құра. 2. Болымсыз етістіктерге айналдыр.
ҮІІ. Жеке оқушылармен жұмыс: Әрбір оқушыға жеке тапсырмалары бар қалташалар үлестіріп беріледі. Әр қалташаның ішінде киіз үйге қажетті бұйымдар мен ішкі - сыртқы бауларының аты берілген. Сұрақтарға жауап бере отырып, киіз үйді тігуге оқушылар да атсалысады. Дәптермен де, тақтамен де жұмыс жүргізіледі.
Сөйлемді тиісті етістіктер арқылы аяқта Екі дос көшеде.... Алыстан бірнеше аттылар.... Қар жауып..... Мен сабақ оқып..... Мамам дүкеннен нан сатып.... Ол шелекті сұрап.... Қымыз – ерекше дәмді, құнарлы, адамның жан сарайын ашып, тәбетін шақыратын хош иісті өте пайдалы жылқы сүтінен алынған....
Берілген етістіктерді болымсыз етістікке айналдыр
Сен мектепке бар...
Сен дәптерге жаз...
Тақтаға шық...
Тақтаны сүрт...
Ертең мектепке кел..

Жалғасын тап
Досы көпті жау...
Ақылы көпті дау...

Дара етістіктерден күрделі етістіктер жаса
Еріді, жылады, күресті, оқыды, келді, жаттықты, жүгірді, айналдырды, бар, дайындал, қатыс, кел, шомыл, түс, ал, жарат, шық, тұр, қара.
Ø 1. Күрделі етістіктерді қатыстырып сөйлем құра.
2. Болымсыз етістіктерге айналдыр.
Суретке қарап әңгіме құра. Сөйлемдеріңнің ішінде етістіктің барлық түрі қамтылуын қадағала.

Жеңіс
Жеңістің негізі - алдымен мінез - құлықта, қажыр мен қайратта. Жауапты жарыс алдында тас түйін болып, езу тартып, орынсыз күлмейсің. Орынсыз ыржалақтасаң босап сала бересің.
Ø 1. Жеңістің негізі не?
2. Қажыр мен қайрат деген сөздерін қалай түсінесің? 3. Көсемшені тап.
Көп нүктенің орнына тиісті жіктік жалғауын жалғаңдар.
1) Мен бүгін үйде бола....
2) Біз үйде сағат үште бола....
3) Асқар, сіз қашан келе...?
4) Сен кітап оқып отыр....
5) Мен мұғаліммен сөйлеспек....
6) Ол ертең сабаққа бармақ....
7) Мен биыл үйлене....
8) Мұрат суық суға жуына....
9) Сен оның сөзіне сенді... бе?

Мына етістіктерден есімшенің және көсемшенің үш түрін жасаңдар: істеу, орындау, түсу, көрсету, жасау, бару.
ҮІІІ. Сергіту сәті: Ойынымыздың аты «Өсер елдің жігіті бірін - бірі батыр дейді...» деп аталады. Қазір мына гүлді бір - бірімізге ұсына отырып, мақтау айтып, жақсы тілек жолдаймыз. Мысалы мен: « Сіз бүгін сондай сүйкімді болып тұрсыз. Лайым жүзіңнен күлкі кетпесін»,- деймін. Келесі оқушы әрі қарай жалғастырады.

- Ұлттық ұғымда киіз үй және оның әрбір құрамдас бөлшегі қасиетті болып саналады. Соған лайық ата - бабаларымыз әрбәр затқа лайық ұлықтау, теңеу, бейнелеу сияқты ойлы ұғымдармен бірге тәрбиелік мәні бар қағидалы, қанатты сөздер де шығарған. Ол қағидалы сөз – Шаңырақтан басталған. Атадан балаға мұра болып келе жатқан үйді Қара шаңырақ деп қастерлейді. Қара шаңыраққа сәлем беру, одан дәм тату - ежелгі халық жоралғысы. Шаңырақ деген сөз «Үй, отбасы» деген тұтас ұғымды бейнелейді. «Шаңырағың биік болсын!» деген батаның ең үлкені болса, «Шаңырағың ортасына түссін деген!» деген қарғыстың ең ауыр түрі болып саналады. Шаңырақты аттамайды, көшкенде жеке түйеге артып, көштің алдында жүргізеді. Киелі шаңырақ бейнесі біздің Қазақстан Республикасының Елтаңбасында да көрініс тапқан.
- Ал балалар, шаңырақ бейнесін елтаңбаға салудың мәні неде деп ойлайсыңдар?
ІХ. Ойтолғау: «Бір ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА бірлігіміз жарасқан»
Х. Қорытындылау: Бір минутта кім қанша сұраққа (өте қысқа, тез) жауап береді?
1. Қазақ халқы үшін киіз үйдің маңыздылығы неде?
2. Киіз үйдің бөлшектері.
3. Киіз үйдің жабулары
4. Киіз үйдің ең алғаш орнатылатын бөлшегі не?
5. Киіз үйдің ішкі және сыртқы бауларын ата.
6. Киіз үйдің жасауларына тоқталып өт.
7. Етістік нені зерттейді?
8. Етістік қандай сұрақтарға жауап береді?
9. Күрделі етістікті ата.
10. Болымсыз етістіктің жұрнақтарын ата.
11. Сабақты етістікке қай септік керек?
12. Салт етістікке қай септік керек?
13. Етіс дегеніміз не?
14. Салт етістікті сабақтыға айналдыратын етіс түрі.
15. Етісте етістің жұрнағы бар ма?
ХІ. Бағалау: Сабаққа белсенді араласып, сұрақтарға жауап беріп отырған оқушылар бағаланады.

ХІІ. Үйге тапсырма беру: Шаңыраққа, дастарханға берілетін бата түрлерін жаттап келу, ішінен етістіктің түрлерін ажырату.

 
, Powered by Joomla!; Joomla templates by SG web hosting